Жүйелік гистология
Жүйелік гистология — мүшелердің және мүшелер жүйесінің микроскопиялық құрылысын, сонымен қоса, даму, қызмет атқару барысында мүшелердің реактивтік және адамның жасына байланысты өзгерістерінің қалыптасуы жағдайында , тіндердің әрекеттесу заңдылықтарын зерттеуге арналған гистология курсының тарауы.
Мүше:
- эволюция барысында қалыптасқан бір-бірімен әрекеттесетін тіндердің маманданған жүйесі, ол организмнің өзін қоршап жатқан құрылымдарынан оқшауланған;
- онтогенезде даму заңдылықтарымен:
- сипатталады — органогенез гистогенез кешенінің нәтижесі болып табылады, оның барысында мүшенің құрылымдық-қызметтік бірліктері қалыптасады;
- организмде орналасуының, пішіні мен көлемінің, ішкі құрылымдық құралуының, тамырлануы мен жүйкеленуінің даму көздерінің салыстырмалы тұрақтылығымен сипатталады;
- құрамына кіретін тіндердің әрекеттесуінің есебінен іске асырылатын ерекше қызметтерінің кешені болады.
Мүшенің құрылымдық-қызметтік бірлігі:
- мүшенің негізгі қызметтерін атқаруды қамтамасыз ететін мүшенің құрылымдық ең кішкентай бірлігі;
- тамырлануы мен жүйкеленуі жалпы болатын, әртүрлі тіндік табиғаты бар жасушалардан тұрады;
- келесі түсініктермен сәйкестенеді: қызметтік элемент, микроаймақ, аймақ, модуль, бөлікше, ацинус және т.б.;
- мысалдар: бауыр бөлікшесі, өкпе ацинусы, бүйрек нефроны және т.б.
Ішкі мүшелер құрылысы бойынша қуысты және паренхиматозды мүшелер болып бөлінеді.
Қуысты мүшелер:
- пішіндеріне байланысты түтікшелі немесе қапшық түрінде, қуысының және оны қоршай орналасқан қабырғасының болуымен сипатталады;
- қабырғасы қабықшалардан тұрады, олардың саны және тіндік құрамы мүшенің сәйкес аппаратқа және оның бөліктеріне жататындығына тәуелді;
- мысалдар: қан тамырлары, асқорыту түтігінің мүшелері және т.б.
Паренхиматозды мүшелер:
- құрылысы жағынан жинақы (компактты), құрамында паренхимасы және стромасы ажыратылады:
- паренхима:
- мүшенің анықтаушы элементі болып табылады;
- мүшенің ерекше қызметтерін қамтамасыз ететін жұмыскер тіннен қалыптастырылған (эпителиальдық, жүйкелік, лимфоидты, миелоидты, бұлшықетті);
- строма:
- дәнекер тіннен қалыптасқан, ол паренхиманың компоненттерінің кеңістікте құралуын айқындайды;
- құрамына мүшенің капсуласы және мүшеішілік қабаттар кіреді (септалар, трабекулалар, интерстициялар), оның құрамында тамырлар және нервтер болады;
- мысалдар: бүйрек, бауыр, көкбауыр және т.б.
Мүшелер жүйесі — организм үшін маңызды бір қызметті бірлесе отырып орындайтын (тамырлану, тыныс алу, асқорыту, бөлу, репродукция, тіршілікті реттеу) мүшелердің жиынтығы және олар біртұтас және жоспарлы құралған бүтін болып табылады — мүшелер аппараты.