Эпителий тіндері
Эпителийлер құрылысы, қызметтік мамандануы және даму негіздеріне байланысты ажыратылады. Сонымен қатар, эпителийдің барлық түрлеріне тән ортақ белгілері болады, ал бұл оларды бір тін тобына біріктіруге мүмкіндік береді.
Эпителийлердің жалпы морфологиялық белгілері
- организмнің ішкі ортасын сыртқы ортадан бөлектей отырып, шекарада орналасады
- пласттар құрайды, оның құрамында жасушалар - эпителиоциттер бір-бірімен тығыз байланысады, ал жасушааралық заты болмайды
- базальды мембранада орналасады
- қан және лимфа тамырлары болмайды, қоректенуі астында жанаса орналасқан борпылдақ дәнекер тін арқылы жүреді
- физиологиялық және репаративтік қалпына келу қабілеттері өте жоғары болып келеді
Эпителиоциттер
Эпителий қабаттары (пласттары) шекарада орналасуына байланысты полярлық сипатымен ерекшеленеді
- апикальдық полюсі сыртқы ортаға қарай бағытталған; микробүрлері, жыбырлағыш кірпікшелері, стереоцилиялары болуы мүмкін
- латеральды беткейі тығыз, адгезиялық, саңылаулы байланыстардың және интердигитациялардың көмегімен эпителиоциттердің бір-бірімен әрекеттесуін қамтамасыз етеді
- базальды полюсі ішкі ортаға бағытталған, базальды мембранаға жартылай десмосома арқылы бекітіледі
Цитоқаңқаның аралық филаменттері нәруыздардан - цитокератиндермен түзелген, олар эпителий жасушаларының маркерлері, яғни анықтаушылары болып табылады. Бұл нәруыздардың 20 изоформалары болады, олардың спектрі жасушалардың дифференциялану деңгейіне және эпителийдің қандай қабатында орналасқанына тәуелді.
Базальды мембрана
- Эпителий және онымен жанаса орналасқан дәнекер тіннің арасындағы жасушадан тыс матрикс аймағы
- осы тіндердің жасушалары өндіретін нәруыздардың, гликопротеиндердің және протеогликандардың кешенінен құралған
- ол эпителийді және дәнекер тінді берік біріктіреді, эпителий қабатының архитектоникасын анықтайды, заттардың таңдамалы тасымалдануын қамтамасыз етеді
Эпителийлердің түрлері
- жабу эпителийлер - дененің сыртқы бетін жауып тұрады, дененің ішкі қуыстарын астарлайды және қуысты мүшелердің ішін қаптап жатады
- безді эпителийлер - қуысты мүшелердің қабырғаларында немесе олардан тысқары орналасқан бездерді қалыптастырады
Сенсорлық жабу эпителийлерінің бір түрі болып келеді, жеке сезім мүшелерінің құрамында арнайы сигналдарды қабылдайды (рецепция) (жүйелік гистологияның сәйкес тарауларында қарастырылады)